ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНҒАН ОТЫРЫС
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық Еңбекші әйелдер комиссиясының отырысы «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Еңбекші әйелдер комиссиясының төрағасы Сандуғаш Иманалина жүргізді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — цифрлық кеңістікте жиі кездесетін қудалау, қорқыту, рұқсатсыз сурет және видео тарату, онлайн-буллинг сияқты қауіптердің алдын алу, сондай-ақ қоғамда бұл мәселеге қатысты түсінік пен жауапкершілікті арттыру болды.
Жиынға Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы жанындағы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның төрағасы Жұмагүл Жұмабаева, Мұғалжар ауданы полиция бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсел Шолақова, «Қамқор» отбасы қолдау орталығының директоры Салтанат Сұлтанова, Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназияның директоры Данагүл Ибрашева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Ахметбекова, психологтар және жастар қатысты.
Қатысушылар цифрлық зорлық-зомбылықтың жаңа түрлерін талқылап, оны тоқтатудың тиімді жолдары, құқықтық қорғану тетіктері, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту мәселелері және алдын алу жұмыстары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ қатысушыларға арналған тренингтер ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында қатысушылар қоғамды интернетте қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
Олар әйелдер мен қыздардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету — барлығымыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті. Әрбір адамның онлайн кеңістікте өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау маңызды. Осындай іс-шаралар қоғам мүшелеріне ортақ жауапкершілікті сезіндіруге, қауіпсіз және саналы цифрлық мәдениет қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.