ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕССТЕ БИОФИЗИКА САЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ҚЫРЛАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Түркияның Анталья қаласында Türk Eğitim-Sen және UAESEB ұйымдастыруымен инженерлік ғылымдар мен жаратылыстану бағытындағы V Халықаралық ғылыми конгресс өтіп жатыр. Шара Түркі дүниесінің көрнекті өкілі, профессор Октай Синаноғлуның 90 жылдық мерейтойы мен 10 жылдық еске алуына арналды. Форумға әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар, университет мамандары, зерттеушілер және жас ғылыми кадрлар қатысуда.
Халықаралық жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, PhD Жандарбек Иманчиев «Адам денесіндегі биофизикалық ерекшеліктер және механикалық параметрлерді есептеу» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым адам ағзасындағы негізгі физикалық процестердің жұмысын түсіндірудің биофизика үшін маңызын көрсетті. Ол ағзадағы қозғалыс, тыныс алу, энергия алмасу секілді құбылыстарды физикалық заңдармен салыстырып талдап, адам денесінің кейбір механикалық параметрлерін тәжірибелік жолмен есептеп шыққанын атап өтті.
Айта кетейік, биылғы конгрестің ғылыми бағдарламасына 459 баяндама енгізілген. Солардың ішінде Қазақстан ғалымдарының зерттеулері айрықша орын алады. Қазақстандық делегаттар ұлттық сусын өндірісінің инновациялары, жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізу, экологиялық мониторинг, жаңа материалдар синтезі, балдырларды өңдеу технологиялары, энергия тиімділігі, ТКШ саласын цифрландыру, биофизикалық зерттеулер және өзге де бағыттар бойынша әзірлемелерін таныстырды.
Халықаралық бұл басқосу Қазақстан ғалымдарының кәсіби деңгейін айқын көрсетіп, олардың зерттеулеріне шетелдік әріптестердің қызығушылығын арттырды. Конгресс аясында жаңа ғылыми байланыстар орнап, бірлескен жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейе түсті.