ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Ақтөбе автожол колледжінде және Ақтөбе сервис колледжінде келісу комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өткізді.
Бұл семинар «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабының 5-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек заңнамасының негізгі қағидаларын түсіндіру, сондай-ақ ұжымдық шарттың мазмұны мен келісу комиссиясының жұмыс тәртібі жөнінде ақпарат беру.
Семинар барысында кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау тетіктеріне тоқталып, еңбек дауларының туындау себептері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар еңбек ұжымындағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлер денсаулығын нығайтудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Келісу комиссиясы туралы ережелер, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келіссөз жүргізу мәдениеті және еңбек дауларын жанжалсыз шешу жолдары да талқыланды.

Айта кетейік, Келісу комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін орган болып саналады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің тең санынан құрылады. Комиссия үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік келісімінің қолданылу кезеңіне сай қалыптастырылады.
Тыңдаушылар семинардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, мұндай шаралар еңбек дауларын заң аясында тиімді шешуге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға зор көмегін тигізетінін жеткізді.
-
Фотографии
-