ЕҢБЕК АДАМЫ
Қазіргі таңда жас ұрпаққа жан-жақты білім мен саналы тәрбие беріп, шәкірт жүрегіне жол таба білетін ізгі жандар аз емес. Солардың бірі – Шалқар ауданы Б.Сүлейменов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Көптілеуова Майра Ниетқалиқызы.
Майра Көптілеуова 1972 жылдың 24 мамырында Шалқар ауданының Ақтоғай совхозында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдап, ұстаздық жолын өзіне білім мен тәрбие берген Айшуақ қазақ орта мектебінде бастайды. Бүгінде ол жас буынға сапалы білім беруде отыз жылдан астам тәжірибесі бар білікті педагог, талапшыл ұстаз.
Ұзақ жылдар бойы Майра Көптілеуова білім саласында түрлі жауапты қызметтерді мінсіз атқарып келеді. Ол мектептің кәсіподақ төрағасы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерінде еңбек ете отырып, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Педагог-зерттеуші ретінде ұстаздың еңбегі шәкірт жетістіктері арқылы да айқындалады. Оның дайындаған оқушылары жыл сайын аудандық, облыстық пән олимпиадаларында, ғылыми жобаларда, шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Ізденімпаз ұстаздың әдістемелік еңбектері де ерекше назар аударарлық. Майра Ниетқалиқызының «Қазақ тілі пәнінен 6-сынып оқушыларына мәтінмен жұмысқа арналған тапсырмалар» атты авторлық бағдарламасы облыс көлемінде таратылды. Сонымен қатар, «Қазақ тілі мен әдебиет сабағында оқушылардың тілдік және коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту», «Мақал-мәтелдердің мағыналық дамуы», «Әнді сүйсең, менше сүй» сынды мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп, педагогикалық қауымға ой салды.
Ұстаздың ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Ол облыстық, республикалық деңгейдегі талай марапатқа ие болды. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, 2024 жылы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасына ие болуы білім саласындағы сүбелі еңбегінің лайықты бағасы.
Қай істе болсын жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, адал еңбегімен ерекшеленетін Майра Ниетқалиқызы өз ісінің маманы ғана емес, жас ұрпаққа жанашырлықпен қарайтын, болашаққа қаланатын іргетасты берік қалыптастырып жүрген нағыз еңбек адамы.