ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Бүгінгі білім беру саласында балалардың психологиялық саулығы мен тұлғалық дамуына бағытталған жұмыстардың маңызы ерекше. Осы жауапты да игілікті міндетті абыроймен атқарып жүрген жас әрі білікті мамандардың бірі – Зинадин Айзат Жеткергенқызы.
Айзат Зинадин 2016 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте, Ақтөбе облысының Ырғыз аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде және №1 қазақ жалпы білім беретін мектепте педагог-психолог болып еңбек етті.
Қазіргі таңда «Балдырған» бөбекжай-бақшасында педагог-психолог қызметін атқарып келеді. Балабақшадағы балалардың психологиялық даму деңгейін анықтап, олардың жас ерекшеліктеріне сай түзету-дамыту жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп отырады. Сондай-ақ ерекше білімді қажет ететін балаларға жеке жоспар әзірлеп, нақты бағытталған психологиялық көмек көрсетіп келеді.
Айзат Зинадин кәсіби шеберлігінің арқасында аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Оның қатарында аудандық «Үздік психолог – 2023» байқауындағы І орын, «Үздік психолог – 2024» марапаты, «Ең үздік тренинг – 2025» байқауындағы І орын және облыстық деңгейдегі «Ең үздік тренинг – 2025» сайысында алған ІІІ орын бар. Сонымен қатар семинарлар мен кәсіби іс-шараларға белсенді қатысып, көптеген алғыс хаттар мен сертификаттарға ие болды.
Жас маман кәсіби тәжірибесін әлеуметтік желі арқылы да бөлісіп, педагог-психологтар қауымдастығына әдістемелік қолдау көрсетуде. Ол ұсынған ойындар мен әдістер жас мамандарға шабыт болып, кәсіби дамуға жол ашуда.
Зинадин Айзат Жеткергенқызы «Әр балаға психологиялық қолдау арқылы ішкі әлемінің есігін ашу» қағидасын ұстанады. Ізденімпаздығы мен құштарлығы мол маман қазіргі таңда балалардың, ата-аналардың және әріптестерінің сенімі мен жоғары бағасына ие.