БАЙҚАУ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «Үздік ағылшын тілі пәні мұғалімі – 2026» облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, озық тәжірибені анықтап, кеңінен тарату және ұстаздар арасында өзара кәсіби бәсекелестік пен шығармашылық орта қалыптастыру. Облыстық кезеңге аудандық сыннан озып шыққан үздік мұғалімдер қатысып, өз білімі мен тәжірибесін ортаға салды. Қатысушылар заманауи оқыту әдістерін таныстырып, авторлық жұмыстарын қорғап, педагогикалық шеберліктерін жан-жақты көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Бас жүлде Мұғалжар ауданы Ы.Мұхамеджанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Айса Қуанышқа бұйырды. Жеңімпазға Ташкент және Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхат жолдамасы табысталды.
І дәрежелі диплом Алға ауданы Қарабұлақ мектеп-балабақшасының мұғалімі Ханби Базарғалиға берілді. ІІ дәрежелі дипломды Қобда ауданы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінің мұғалімі Нұрай Дүйсенова иеленді. Ал ІІІ дәрежелі диплом Темір ауданы Қопа жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Назбек Сағидоллаевқа табысталды. Жүлделі орын иегерлеріне Бурабай–Зеренді өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама берілді.
Сонымен қатар, байқау аясында бірқатар педагогтар арнайы номинациялармен марапатталды. «Кәсіби шебер педагог» номинациясын Мәртөк ауданы Қазан жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Дарья Кравченко иеленсе, «Шығармашыл педагог» номинациясын Ырғыз ауданы Б.Алманов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Тұрсын Әбіл иеленді. Ал «Жаңашыл педагог» номинациясы Байғанин ауданы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектебінің мұғалімі Нұрханым Айбекқызына табысталды.
Аталған байқау ауыл мектептері ұстаздарының кәсіби дамуына тың серпін беріп, тәжірибе алмасу алаңына айналды.
-
Фотографии
-