КӨШБАСШЫНЫҢ КЕМЕЛ ЖОЛЫ
Көшбасшының кемел жолы – саналы ғұмырын Ақтөбе облысы Байғанин ауданының білім беру саласына арнаған Жұмабаева Зада Сайлаубайқызының өнегелі еңбегінен айқын көрінеді. Ол бүгінде Қарауылкелді ауылындағы «Шаттық» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі. Жалпы еңбек өтілі – 42 жыл.
Еңбек жолын 1984 жылы Қарауылкелді балалар бақшасында тәрбиеші болып бастап, 1997 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Кейін №3 Қарауылкелді орта мектебінде үйірме меңгерушісі, аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет етті. 2005–2016 жылдары аудандық оқушылар үйінің директоры болып, басқарушылық тәжірибесін шыңдады. Ал 2016–2023 жылдары «Қарауылкелді» бөбекжай-балабақшасын басқарса, 2023 жылдан бері «Шаттық» балабақшасының басшысы.
Ол мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында басқарып отырған ұжымдарда әрдайым тәртіп, жүйелілік және нәтижелілік қалыптасқан. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашыл бастамалары білім сапасының артуына оң әсерін тигізіп келеді.
Әріптестері Зада Жұмабаева талапшыл, әділ әрі жанашыр басшы ретінде жоғары бағалайды. Ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісіп, тәлімгерлік қызметті де абыроймен атқарып келеді.
Саналы ғұмырында ол Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, түрлі алғыс хаттармен, облыстық білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың марапаттарымен бірнеше рет марапатталған.
Жұмабаева Зада Сайлаубайқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ұрпақ тәрбиесін өмірлік мұратына айналдырған білікті басшы. Оның еңбегі – жас ұрпаққа үлгі, ел игілігі жолындағы адал қызметтің жарқын көрінісі.