ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлттың рухани тірегі, жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие дарытатын қасиетті мамандық иесі. Осындай жауапты жолды абыроймен атқарып келе жатқан тәжірибелі педагогтардың бірі – Қарағұлова Бибігүл Бақытжанқызы.
Бибігүл Қарағұлова — 1966 жылы 28 мамырда Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал селосында дүниеге келген. 1983–1989 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жаратылыстану-математика факультетін тәмамдап, жоғары білім алды.
Еңбек жолын білім беру саласына арнап, 1996 жылдан бері Ойыл қазақ орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 34 жыл. Осы уақыт ішінде ол өзін тәжірибелі, білікті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаз ретінде танытты.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары республикалық және облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар мен байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында І орын, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жүлделі орындар, сондай-ақ түрлі республикалық байқаулар мен ғылыми форумдарда жоғары дәрежелі дипломдар иеленген. Бұл – ұстаздың оқушыларды ғылым мен ізденіске баулудағы табанды еңбегінің айқын дәлелі.
Кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын педагог ретінде ол біліктілік арттыру курстарынан жүйелі түрде өтіп келеді.
Бибігүл Қарағұлова – тәжірибесімен бөлісуден жалықпайтын, әріптестеріне қолдау көрсететін ұстаз. Ол желілік қоғамдастық аясында белсенді жұмыс жүргізіп, ашық сабақтар, шеберлік сыныптар ұйымдастырып, семинарлар мен конференцияларға қатысып келеді. Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалмай, облыстық білім басқармасы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан Алғыс хаттармен марапатталған.
Әріптестері мен шәкірттері арасында сыйлы, адамгершілігі жоғары, қарапайым әрі жауапкершілігі мол ұстаз ретінде танылған Бибігүл Бақытжанқызы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ол алдағы уақытта да ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп, білімді де бәсекеге қабілетті жас буынды тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек.