ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – тек пәнді үйретуші ғана емес, шәкірт жүрегінде із қалдыратын, адамгершілік пен еңбекқорлыққа баулитын тәлімгер. Алғалық білім ордасында осындай қасиеттерді бойына сіңірген ұстаздардың бірі — Күндей Бөлекбаева.
1975 жылы 8 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды ауылында дүниеге келген Күндей Бөлекбаева 1992–1994 жылдары Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтты «Термеші ұстаз» мамандығы бойынша тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын 1994 жылы Бестамақ орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Кейін 1999–2002 жылдары Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде кәсіби білімін тереңдетіп, музыка пәні мұғалімі мамандығын аяқтады.
Өз ісінің шебері әрі шығармашыл педагог ретінде танымал Күндей Бөлекбаева шәкірттерін тек біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға және рухани дамуына ерекше көңіл бөледі. Оның жетекшілігімен оқушылар облыстық және республикалық байқауларда үздік нәтижелерге жеткен. 2022 жылы облыстық музыка пәні олимпиадасында І орын алып, сол жылы І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасында ІІІ орын иеленді. 2023 жылы музыка пәні олимпиадасында ІІ орын алып, республикалық «Тәуелсіз Қазақстан» балалар мен жастар шығармашылық байқауына ерекше дарын дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2024 жылы «Үздік музыка пәнінің мұғалімі» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломға ие болды. Сол жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығынан және «Ақтөбе-дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығынан Алғыс хат алды.
Күндей Бөлекбаеваның еңбегі бірнеше мәрте жоғары бағаланған. 2017 жылы Ақтөбе облысы білім басқармасы, 2022 жылы Алға аудандық білім бөлімі, 2025 жылы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Құрмет грамотасымен марапаттады. Сол жылы Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы оны Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа баруға сертификатпен марапаттады.
Қорыта келгенде, Күндей Бөлекбаева нағыз өз ісінің шебері, шығармашыл педагог және шәкірт жүрегінде із қалдыратын ұстаз.