ЕҢБЕК_АДАМЫ: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, БІЛІКТІ БАСШЫ – АЙНАГҮЛ ГИЛМАНҚЫЗЫ
Бүгінгі айдарымыздың кейіпкері - өз ісіне адал, білім беру саласында 33 жылдық тағылымды тәжірибесі бар, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, «Жайық негізгі орта мектебінің» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі бастауыш сынып мұғалімі Гумарова Айнагүл Гилманқызы.
Кәсіби жолы мен жетістіктері:
Айнагүл Гилманқызы 1992 жылдан бері бір ұжымда үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан, мектептің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты ұстаз. Ол тек білікті мұғалім ғана емес, 2014 жылдан бері оқу ісін шебер ұйымдастырып келе жатқан парасатты басшы.
Ұстаздың басты жетістіктері:
Авторлық еңбек: 2024 жылы «Әдебиеттік оқу пәнінің бала тұлғасын қалыптастырудағы шарттары» атты авторлық бағдарламасы жарық көрді.
Жаңашылдық: Оқу үрдісіне IT және жаңа технологияларды (TIMSS, ақпараттық-коммуникативтік құралдар) шебер енгізіп, «Педагог-зерттеуші» деңгейіне көтерілді.
Марапаттары: Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасының», аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаттарының» иегері.
Шәкірт - ұстаз мерейі
Айнагүл Гилманқызының шәкірттері - республикалық «Дарабоз», «Үздік бастауыш сынып оқушысы», «Алтын сақа» және «Зерделі» байқауларының жеңімпаздары. 2024-2025 оқу жылында ұстаз оқытатын сыныптың білім сапасы 78%-ды құрады, бұл - қажырлы еңбектің айқын көрсеткіші.
Әдістемелік шеберлік
Ол өз тәжірибесімен облыстық және республикалық деңгейде белсенді бөлісіп келеді. Оның мақалалары «Қазақстан ұстазы», «Ақниет», «Орта мектеп жаршысы» сынды беделді басылымдарда жарияланған. Айнагүл Гилманқызы шағын жинақты мектептердегі біріктірілген сабақтарды жоспарлау бойынша облыс мұғалімдеріне шеберлік сыныптарын өткізіп, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп отырған әдіскер.
«Ұстаздық - тек білім беру емес, шәкірттің жүрегіне жол тауып, оның тұлға болып қалыптасуына әсер ету» деген ұстанымды ту еткен Айнагүл Гилманқызы бүгінде ұжымның ұйытқысы, шәкірттерінің сүйікті мұғалімі.
Еңбек жолындағы табыстарыңыз арта берсін, аяулы ұстаз!
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы