КӘСІПОДАҚ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
🖇️Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы “Жасанды интеллект және кәсіподақ: даму бағыттары” тақырыбында семинар-кеңес өткізді. Маңызды жиынға ұйым аппаратының қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ Облыстық ЖИ педагогтар клубының жетекшісі, «Jan Ahual» психологиялық қолдау орталығының өкілдері жиналды. Аталған іс-шараға аудандардағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының өкілдері онлайн қатысты.
📑Семинар-кеңесті облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ашып, қазіргі кезеңдегі цифрландыру үдерісінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылының» ел дамуының жаңа бағытын айқындайтынын жеткізді.
📃Семинар барысында цифрлық технологияларды кәсіподақ қызметіне енгізу, ақпараттық ашықтықты арттыру және еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
📜Облыстық ЖИ педагогтар клубының жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі Махаббат Төленғалиева «Кәсіподақ қызметін жетілдіру: ақпараттық жұмыстағы жасанды интеллект» тақырыбында цифрлық платформаларды қолдану арқылы ақпарат тарату тиімділігін арттыру жолдарын ұсынды. Сондай-ақ кәсіподақ жұмысын жетілдіруге қатысты маңызды ақпарат берді.
🧩«Ұлттық құндылықтарды цифрлық ортада дамыту: жасанды интеллект арқылы білім кәсіподағы жүйесін оңтайландыру» тақырыбында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің өкілдері, магистрлар Ақмарал Жидеқанова мен Әлішер Ділмағамбетов өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар ұлттық құндылықтарды заманауи цифрлық кеңістікте насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бағытында арнайы жасанды интеллект бағдарламасын пайдаланып, викториналық сұрақтарды ұсынды. Сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жетілдіру мақсатында Telegram-бот арқылы жұмыс істеудің тиімділігін көрсетті.
✔️Семинар аясында «Jan Ahual» психологиялық қолдау орталығының өкілі Гүлжанат Сеитова «Стресске төтеп беру әдістері. Кәсіби күйзелісті болдырмау жолдары» тақырыбында тренинг өткізіп, қатысушыларға эмоционалдық тұрақтылықты сақтаудың тиімді тәсілдерін ұсынды.
▪️Сонымен қатар, облыстық ұйымның бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев ұжымдық шарт бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, еңбек заңнамасы және ұжымдық шарт аясындағы өзекті сұрақтарға жауап берді.
☑️Өз кезегінде облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов «Іс жүргізуде жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасап, құжат айналымын цифрландыру мен мен деректерді тиімді пайдалануда цифрлық технологиялардың артықшылықтарын кеңінен баяндады.
🔳Семинар барысында облыстық ұйымның еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы — жұмысшылардың өркендеуіне және ұйымның тұрақты дамуына апаратын маңызды фактор» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол еңбек ұжымдарында қауіпсіз әрі қолайлы психологиялық ахуал қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің денсаулығы мен өнімділігін арттырудағы тиімді тәсілдерді атап өтті. Сонымен қатар, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында еңбекті қорғау мәдениетін нығайту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіби тәуекелдердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді.
▫️Семинар-кеңес соңында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелер талқыланды.
◽️Аталған семинар кәсіподақ ұйымдарының заманауи бағытта дамуына, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берген маңызды басқосу болды.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы