ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ПАРАСАТТЫ БАСШЫ
🖊️ Ұстаз болу – жүректің ісі. Ал, осы қасиетті жолды абыроймен атқарып қана қоймай, ел сенімін арқалап, ұжымға жетекшілік ету – екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен жауапкершілік. Осындай биік белестерден сүрінбей өткен, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты жан – Ибрашев Рахат Ақдәулетұлы.
📍 Рахат Ибрашев — 1963 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында дүниеге келген. Ол – білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз, білікті басшы әрі ұйымдастырушы.
📚 1970–1980 жылдары Абай атындағы кеңшар орталығындағы Жем орта мектебінде білім алды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ алғырлығымен көзге түсіп, пионерлер слетіне қатысып, жүгіруден, биіктікке секіруден, волейболдан аудан чемпионы атанды. Сонымен қатар оқу озаты болды.
🎓 1980–1984 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білім алып, оны сәтті тәмамдады. Еңбек жолын 1984 жылдың 16 тамызында Жем орта мектебінде (қазіргі Қ.Жазықов атындағы орта мектеп) физика пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Содан бері осы білім ордасында үздіксіз қызмет етіп келеді.
🏫 Еңбек жолында тек ұстаздықпен шектелмей, мектеп жанындағы 60 орындық интернатта тәрбиеші, кейін меңгеруші, директордың сыныптан тыс жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін қоса атқарды. Сонымен бірге мектепішілік радио торабы мен фотоүйірмеге жетекшілік жасап, оқушылардың жан-жақты дамуына үлес қосты.
📊 1994–1999 жылдары мектеп директоры қызметін атқарып, білім ордасының дамуына тың серпін берді. Ұжымын ортақ мақсатқа жұмылдырып, оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлді. Оның әр бастамасынан жаңашылдық пен жауапкершілік айқын көрініс тапты. Кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында әріптестері арасында үлкен беделге ие болды.
🏅 Жемісті еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен, ал 2018 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
🤝 2020–2024 жылдары кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде де ұжым мүддесін қорғап, әріптестерінің әлеуметтік жағдайына бейжай қарамай, әділдік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Қоғамдық қызметте белсенділік танытып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. Бұл – оның азаматтық келбетін айқындайтын асыл қасиеттер.
🌱 Ұзақ жылғы еңбек жолында Рахат Ибрашев тек білім берумен шектелмей, талай жастың өміріне бағыт-бағдар сілтеп, олардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіре білді. Бүгінде оның шәкірттері қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп келеді. Рахат Ақдәулетұлының өнегелі өмір жолы мен жемісті еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық асыл мұра.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы