ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ ТИІМДІ БАЙЛАНЫС ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
✔️Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай кіші қызметкерлер арасында «Жұмыскер мен жұмыс беруші арасында тиімді қарым-қатынас орнату» тақырыбында семинар өткізді. Аталған іс-шара еңбек мәдениетін жетілдіру мен ұжым ішіндегі өзара түсіністікті нығайтуға бағытталды.
📗Семинардың негізгі мақсаты – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, өзара түсіністікті арттыру және тиімді байланыс орнатудың жолдарын түсіндіру болды. Қатысушыларға кәсіби ортада ашық диалог пен сыйластықтың маңызы кеңінен түсіндірілді.
👩🏫 Іс-шара барысында аудандық кәсіподақ төрағасы Назгүл Сәбенова өз тәжірибесімен бөлісіп, еңбек қатынастары саласындағы маңызды мәселелерге тоқталды. Ал №3 Шұбарқұдық жалпы білім беретін мектебінің психологы Анар Нұрмағамбетова қатысушыларға арнайы тренинг өткізіп, ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсарту бағытында практикалық жаттығулар ұйымдастырды.
📊 Сонымен қатар, мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Ирмағамбетова тақырып аясында презентация жасап, қарым-қатынастың түрлері, тиімді әдістері мен оның жұмыс үдерісіндегі маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
🤝 Семинар барысында қатысушылар белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы