ЕҢБЕК АДАМЫ
Еңбек ардагері атағының иегері Әбденова Бағдагүл Закариқызы – саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған тәжірибелі ұстаз. Ол 1962 жылы 29 қарашада Ақтөбе облысы бұрынғы Хромтау ауданы Тассай ауылында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі – 42 жыл.
Ұстаздық жолын 1983 жылы Тассай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған. 1990–1993 жылдары Хромтау қаласындағы №4 орта мектепте қызмет атқарып, 1993 жылдан бері №2 Хромтау гимназиясында үздіксіз еңбек етіп келеді.
Ол педагогикалық қызметінде өзін жоғары білікті, ізденімпаз әрі зерттеушілік бағытты ұстанған маман ретінде көрсетті.
Багдагүл Әбденова оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ерекше мән береді. Олардың өздігінен іздену, талдау жасау және алған білімін өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Өз тәжірибесін жүйелі зерттеп, білім сапасына талдау жүргізу арқылы оқу үдерісін үнемі жетілдіріп отырады. Сонымен қатар ол ғылыми-әдістемелік семинарлар мен конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасады. Авторлық бағдарламалар мен дидактикалық материалдар әзірлеп, оқу үдерісінде тиімді қолданады.
Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістіктерімен де бағаланады. Ол оқушылардың танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолайлы орта қалыптастырып келеді. Көпжылдық еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін әріптестері мен ата-аналардың зор құрметіне ие.
Багдагүл Әбденованың өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің, кәсіби биіктіктің және ұстаздық өнегенің айқын үлгісі.