АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Алқалы жиынға Атқару комитетінің мүшелері, филиал төрағалары және құрылымдық бөлім жетекшілері қатысты.
Жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстырды. Ол бұған дейін атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасап, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің кезекті Пленумында қабылданған шешімдерге шолу жасады. Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының салаға тигізер ықпалына тоқталды.
– Цифрландырудан тыс қала алмаймыз. Бұл заман талабы. Қағазбен жұмыс істеген жақсы, бірақ цифрлық сервис ақпарат алмасуда үлкен көмек көрсетеді. Енді өтініштер де электронды қабылданатын болады. Біздің алдымызда тұрған міндет өзімізде цифрлық сервисті жақсарту, – деп атап өтті Ерұлан Сәбенұлы.
Отырыста облыстық ұйымның бас бухгалтері Жанбота Ибраимова кәсіподақтың өткен жылдағы қаржылық қызметі бойынша есеп берді. Есепте мүшелік жарналардың түсуі, кірістер мен шығыстар сметасының орындалуы, мәдени-көпшілік іс-шаралар, кәсіподақтық оқыту, сауықтыру жұмыстары, үздік ұстаздар мен кәсіподақ белсенділерін ынталандыру, сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық және өзге де міндетті шығындар бойынша ақпарат берілді.
Күн тәртібіне сәйкес жиында Жергілікті кәсіподақ ұйымына мүше филиалдардағы ақпараттық-имидждік жұмыстың жай-күйі, сондай-ақ «Еңбекші» салалық газетіне жазылу және ақпарат жариялау барысы және кәсіподақ оқулары мәселесі қаралды. Атап өтілгендей, 2025 жылы Оқу-әдістемелік орталығы тарапынан 12 көшпелі, 7 стационарлы семинар, сондай-ақ келісу комиссияларының мүшелері үшін 1 вебинар ұйымдастырылып, барлығы 20 семинар өткізілсе, онда 4761 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Сонымен қатар, филиал бастамасымен өткізілген кәсіподақтық оқуларда 2784 адам оқудан өткен.
2025 жылы «Еңбекші» газетінің жоспарлы 24 нөмірі жарыққа шығып, ұстаздарға өзара озық тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік беру, құқықтық сауалдарға заңгердің жауап беруі мен еңбек адамының өмірі мен қызметін баяндау бағытында 201 мақала жарияланған. Бұдан бөлек республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіподақ қызметін кеңінен жариялау мақсатында 125 мақала жарияланған.
Ақпараттық жұмыстың маңызды бөлігі әлеуметтік желі мен электронды ресурстар арқылы да жүзеге асқан. Телеарналарды қоса есептегенде барлығы 620 пост пен хабарлама шыққан. Кәсіподақтың ақпараттық-имидждік жұмысын нығайту және тарихи сабақтастықты дәріптеу мақсатында Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған «Тарихқа – тағзым, болашаққа – сенім» атты мақалалар байқауы ұйымдастырылған. Бұл туралы Жергілікті кәсіподақтың аппарат жетекшісі Бейбіт Бекназаров пен «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Марат Құлибаев баян етті.
Алқа отырысында басқа да мәселелер талқыланып, күн тәртібіндегі әр сұрақ бойынша тиісті Қаулы қабылданды.
Жамбыл облыстық ұйымы.