ТАҒЫЛЫМ МЕН ДӘСТҮР ТОҒЫСҚАН КЕШ
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ Мұғалжар ауданында өнер мен руханиятты ұлықтаған ерекше тағылымды кеш өтті. Аталған іс-шара аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы мен Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің 50 жылдығына арналды.
Айтулы күн аясында жиналған қауым ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын еске алып, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудегі білім ордасының жарты ғасырлық еңбегіне жоғары баға берді. Кеш барысында мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермен көңілінен шығып, рухани әсер сыйлады.
Мерейтойлық шараның маңызды бөлігінің бірі – сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі болды. Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің оқытушылары мен кіші қызметкерлері көпжылдық адал еңбегі, шығармашылық жетістіктері және жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі елеулі үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Марапаттар Мұғалжар ауданы әкімінің атынан, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының атынан, сондай-ақ Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының қосымша білім беру орталығының атынан табысталды.
Сонымен қатар, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан да ұстаздар мен қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар ұсынылды. Бұл – еңбек адамдарына деген шынайы ризашылық пен қолдаудың айқын көрінісі болды.
Тағылымы мол кеш ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өнер мен білімнің қадірін арттыра түскені сөзсіз…