ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМГЕ АРНАЛҒАН ЖОЛ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы ұстаздар қауымының еңбегін ұлықтауды басты назарда ұстап келеді. Осы бағыттағы дәстүрлі шаралардың бірі ретінде білім мен ғылым саласына сүбелі үлес қосқан кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсету жалғасын табуда…
Осы орайда ұйым өкілі Нұрлан Жетпісбай Қ.ЖҰБАНОВ атындағы АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ өткен кеңейтілген жиынға қатысып, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Көгісов Сеит Мұханбетиярұлының мерейтойымен құттықтады. Жиын барысында Нұрлан Жетпісбай кәсіподақ төрағасының құттықтауын жеткізіп, ғалымның ғылым мен білімге қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар мерейлі жас иесіне кәсіподақ ұйымы тарапынан шипажайға жолдама табысталды.
Көгісов Сеит Мұханбетиярұлы – 1946 жылы АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ Хромтау қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейін Абай атындағы педагогикалық институттың химия және биология факультетін тәмамдады. Ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етіп, басшылық қызметтер атқарды.
1990 жылдан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қызмет етіп келеді. Ғылыми-зерттеу бағыты – химияны оқыту әдістемесі. 2004 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Ғалымның білім беру мен ғылым саласына қосқан үлесі жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен атап өтілді. Оның кәсіби тәжірибесі мен ғылыми еңбектері бүгінгі күні де жас мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарып келеді.