ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу – тек спорт үйрету емес. Бұл мамандық оқушының өмірге деген көзқарасын қалыптастыру, шыдамдылыққа, табандылыққа және рухани мықтылыққа баулу арқылы олардың тұлғалық дамуына ықпал етеді. АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ Темір ауданының №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде еңбек ететін Жанғали Мұрат Айдынқалиұлы үшін бұл мамандық – жүректен шыққан шынайы ұмтылыс, өмірлік миссия. Ол әр сабағында оқушының тек денесін ғана емес, мінез-құлқын, жауапкершілігін және табандылығын дамытуға басымдық береді.
Жанғали Мұрат Айдынқалиұлының кәсіби жолы – табандылық пен үздіксіз дамудың айқын көрінісі. Ол мұғалім ретіндегі шеберлігін облыстық деңгейде дәлелдеп, пәндік олимпиаданың III орнын иеленді. Сондай-ақ волейбол спортынан мұғалімдер арасындағы спартакиадада II орын алып, өзінің спорттық дайындығы мен бапкерлік қабілетін көрсетті. Оның тәжірибесі спорт сабақтарының тек формальды емес, оқушының жалпы дамуына ықпал ететін маңызды құрал екенін дәлелдейді.
Оқушыларын облыстық жарыстарға дайындау – үлкен жауапкершілік. Алайда оның еңбегі жемісін беруде: «ҰМЛ» облыстық кезеңінде шәкірттері III орын алып, мектеп намысын абыроймен қорғады. Әсіресе шәкірті Мақсат Нұрлыбектің Ақтөбе волейбол клубында ойнап, Ұлттық лигаға жолдама алуы – мұғалім еңбегінің шынайы жемісі. Әрбір шәкірттің жетістігі Мұрат Айдынқалиұлы үшін мақтаныш қана емес, жаңа мақсаттарға ұмтылысқа жол ашатын үлкен мотивация.
Педагог-зерттеуші ретінде ол сабақты дәстүрлі әдістермен шектемей, оқушылардың қызығушылығын оятатын, олардың әлеуетін ашатын жаңа тәсілдер қолданады. Оның сабақтары әр оқушыға өз мүмкіндігін сынап, өзін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.
Жанғали Мұрат Айдынқалиұлы – өз ісінің нағыз шебері. Ол спортқа, педагогикаға және ең бастысы – балаларға деген махаббатын ешқашан жоғалтпайды. Оның ұстанымы қарапайым: «Спорт адамды шыңдайды, ал мұғалім сол шыңдаудың жолын көрсетеді».