ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ АЯСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ СЕМИНАР
Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай аудандық семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыс орнындағы психоәлеуметтік ахуалдың маңызын түсіндіру, өзара қарым-қатынасты нығайту және ұжымда қолайлы орта қалыптастыру дағдыларын дамыту.
«Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы» тақырыбында өткен семинарға кәсіподақ мүшелері қатысты. Жиын барысында қатысушылар еңбек жағдайына әсер ететін негізгі факторларды, атап айтқанда жұмыс жүктемесі, жұмыс тәртібі, міндеттердің нақтылығы және ұжымдағы қолдау деңгейін талқылады.
Семинар аясында психоәлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар қақтығыс жағдайларын болдырмау жолдарын қарастырып, психологиялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мен қызметкерлер және жұмыс беруші арасындағы байланысты жетілдіру бойынша тәжірибе алмасты. Түрлі тренингтер арқылы тиімді әдістер меңгеріліп, өзара пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кәсіби күйзелістің алдын алу жолдары да кеңінен сөз болды.
Іс-шара соңында қатысушылар семинардың мазмұны өзекті әрі пайдалы болды деп бағалап, осындай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруының маңызын атап өтті.