ІЗДЕНІС ПЕН ІСКЕРЛІК СЫНАЛҒАН ДОДА
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында мектепке дейінгі білім беру саласының үздік мамандарын анықтауға арналған «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» республикалық байқауының аудандық кезеңі өтті. Аталған байқауөз ісіне адал, жаңашыл педагогтардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Байқауға аудан көлеміндегі 32 мектепке дейінгі ұйымнан 24 педагог қатысып, кәсіби шеберліктерін ортаға салды. Қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті: портфолиоларын қорғау және үздік ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін көрсету. Әр педагог өз тәжірибесіндегі тың әдістері мен тиімді тәсілдерін таныстырып, балабақшадағы білім мен тәрбиенің сапасын арттыру жолындағы ізденістерін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша «Жансая» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Ақтоты Арқабаева үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді. Ол енді аудан намысын облыстық кезеңде қорғайтын болады.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, номинациялармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының үздіктерге бағалы сыйлықтар табыстады.
Бұл байқау педагогтардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде озық тәжірибелердің кеңінен таралуына ықпал етті.