ЕҢБЕК АДАМЫ
Елентаева Жанот Ұзақбайқызы – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Қызыл-Сай ауылында дүниеге келген білікті де тәжірибелі ұстаз. Ол өзінің саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келеді.
1988–1989 жылдары Ақтөбе облысыҚарғалы ауданы Әлімбет орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1989–1994 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтында білім алды. 1994 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қарғалы ауданы№2 Бадамша орта мектебінде тарих және құқық пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Еңбек жолының алғашқы күнінен бастап кәсіподақ мүшесі ретінде белсенді қызмет атқарып келеді. Кәсіподақ комитетінің жұмысына араласып, ұжымдағы мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шараларын ұйымдастыруға, салауатты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, әріптестердің құқықтарын қорғауға және ұжым ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Жанот Елентаева – өз ісіне адал, ізденімпаз, адамгершілігі жоғары ұстаз. Ол еңбек жолында түрлі деңгейдегі байқаулар мен білім сайыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Оның шәкірттері де облыстық және республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда І орын иегері атанып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп жүр.
Ол ұжым арасында беделді, мінезі ашық, әріптестеріне әрдайым қолдау көрсететін, адамгершілік пен сыйластықты жоғары қоятын тұлға. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектеп өмірінің дамуына тұрақты үлес қосып келеді.
Жетістіктері қатарында Облыстық Білім басқармасының Құрмет грамотасы (2024 ж.), Облыстық Кәсіподақ төрағасының Алғыс хаты (2022 ж.), Қарғалы аудандық әкімдігінің Грамотасы (2017 ж.), Қарғалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты (2020 ж.), сондай-ақ облыстық пәндік олимпиадада І орын (2021 ж. және 2023 ж.) иеленуі бар.
Жанот Елентаева – жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп, ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамы.