КӘСІПОДАҚ АКТИВІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы: құралдар мен шешімдер» атты оқу семинары өтті.
Семинарға тікелей қызмет көрсету бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кадр резерві және кәсіподақ ұйымдарының белсенділері қатысып, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттырды.
Іс-шара барысында кәсіподақ жұмысын жандандыруға қатысты ең өзекті мәселелер талқыланды:
Кәсіподақ ұйымының жұмыс жоспарларын құру, құжаттарды талаптарға сай рәсімдеу жолдары көрсетілді.
Бюджетті қалыптастыру, кірістер мен шығыстар сметасын бекіту және қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
Кәсіподақтың имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің рөлі, ақпараттық материалдар дайындаудың тиімді әдістері таныстырылды.
Кәсіподақ мүшелерін марапаттауға ұсыну тәртібі және есептілік мерзімдерін сақтау бойынша нақты нұсқаулықтар берілді.
Семинар модераторлары — кәсіподақ комитетінің білікті мамандары қатысушылардың сұрақтарына толыққанды жауап беріп, тәжірибелік кейстермен бөлісті. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алған білімдерін растайтын сертификаттарға ие болды.
"Мұндай семинарлар бастауыш ұйым төрағаларына жұмысты жүйелі жүргізуге, мүшелердің құқығын тиімді қорғауға және ұйым ішіндегі байланысты нығайтуға үлкен септігін тигізеді", — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйым