БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ – ТІРЛІК БАР
Бұл видеода Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Сегізбаева Мираштың ұстаздық жолы мен кәсіподақтағы қызметі туралы айтылады. 1992 жылдан бері кәсіподақ мүшесі болып келе жатқан ұстаз өз еңбек жолын бірлік пен қолдауға, сенім мен жауапкершілікке негізделген маңызды кезең ретінде сипаттайды.
- Кәсіподақ ұйымы ұстаздардың сенімді тірегі болып, олардың құқықтарын қорғап, әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Ұстаздық қызмет пен кәсіподақ жұмысы өзара үйлесім тауып, ұжымдағы бірлік пен ынтымақтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Кәсіподақтың қолдауымен ұжымда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекелік күндерде ұстаздарға құрмет көрсетіліп, марапаттар мен сый-сияпаттар табысталып келеді. Бұл педагог еңбегіне деген шынайы алғыс пен құрметтің белгісі, - дейді мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мираш Сегізбаева.
Мираш Сегізбаеваның кәсіподақтың бастауыш ұйымына төрағалық етуімен ұжым бірлігі мен белсенді жұмыс нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, ұжым «Ұлағаты ұстаздар» фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетсе, «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауында жүлделі орын иеленіп, кәсіподақ қызметі туралы роликтер байқауында да үздіктер қатарынан көрінген. Бұл жетістіктер ұжым мүшелерінің ауызбіршілігі мен ынтымағының, кәсіподақ жұмысына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.