ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Шәкірт жүрегіне жол таба білген, өз ісінің шебері, байғаниндік білікті педагог – Мақажанова Назгүл Ахметқызы.
Назгүл Мақажанова — Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 2007–2012 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде білім алып, еңбек жолын мұғалім болып бастады. Білімін жетілдіру мақсатында 2019–2021 жылдары Уфа қаласындағы Башқұрт мемлекеттік университетінде магистратураны тәмамдады.
Еңбек жолын 2013 жылы Ақтөбе қаласындағы №10 жалпы білім беретін мектептен бастап, 2014 жылдан бері Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Педагогикалық еңбек өтілі – 13 жыл.
Ұстаз әр сабағын жауапкершілікпен өткізіп, оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетке қызығушылығын арттыруға күш салады. Әр баланың қабілетін ашып, ұлттық құндылықтарға баулуды басты назарда ұстайды. Оның «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда құндылыққа негізделген әдіс-тәсілдер» тақырыбында облыстық шығармашылық шеберханасы бар. Шәкірттері республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Атап айтқанда, 2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған VI республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауында оқушысы Бас жүлдені жеңіп алса, облыстық Абай оқуларында ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ, оқушылары пәндік олимпиадаларда да жоғары нәтижелер көрсетуде.
Мақажанова Назгүл Ахметқызы – сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат еткен, өз ісіне адал, шығармашыл ұстаз.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы