ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАЛҒАН ҒҰМЫР
Тәжірибелі басшы, білікті ұйымдастырушы, ұрпақ тәрбиесіне жанашыр жетекші – Сейталина Мейрамгүл Қайырбекқызы. Ол 1968 жылы 6 мамырда жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1975 жылы Ойыл қазақ орта мектебіне (Н.К. Крупская атындағы мектеп) 1-сыныпқа қабылданып, 1985 жылы осы білім ордасын тәмамдады. Сол жылы еңбек жолын бастап, ДЭУ мекемесінде жұмысшы болып еңбек етті. 1986 жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1989 жылы аяқтады.
Еңбек жолын Райпотребсоюз мекемесінің жанынан ашылған «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған Мейрамгүл Сейталина кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, басшылық қызметтерге көтерілді. 1992 жылы ДЭУ балабақшасының меңгерушісі болып тағайындалып, 1995 жылы «Жолшы» мектепке дейінгі мекемесіне жетекшілік етті. 2014 жылдан бастап «Балдырған» бөбекжай-бақшасын басқарды. Ал 2022 жылдан бастап «Асанәлі» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіби жетістіктері жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды. 2024 жылы аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан Ташкент–Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхат сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталып, «Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығынан ІІІ дәрежелі диплом иегері атанды.
Сейталина Мейрамгүл Қайырбекқызы – өз ісіне адал, жаңашылдыққа ұмтылатын, тәжірибесі мол білікті басшы.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы