ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған байқауда ақтөбеліктер жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, «Кәсіподақтың үздік құқықтық еңбек инспекторы» номинациясы бойынша Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының құқықтық қызмет басшысы, еңбек инспекторы Александр Алимпиев І орынды жеңіп алып, 300 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Александр Алимпиев білім саласына елеулі еңбек сіңіріп, құқықтық қызмет көрсету бағытында табысты жұмыс атқарып келеді. Әріптесіміздің еңбегі республика деңгейінде жоғары бағаланып, лайықты марапатқа ие болды.
Ал, «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» аталымында Хромтау тау-кен колледжі директорының орынбасары Марал Біржанов жеңімпаз атанып, 300 мың теңгелік сертификат пен Алғыс хатқа ие болды. Бұл марапат оның өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бағытындағы жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Сонымен қатар, Байғанин ауданы Қажығали Мұқанбетқалиұлы атындағы мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогы Гүлдәурен Қожбанова да байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болып, 50 мың теңгелік сертификат және Алғыс хатпен марапатталды.
Бұл жетістіктер Ақтөбе өңіріндегі кәсіподақ мүшелерінің кәсіби деңгейі мен еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы белсенділігін айқын көрсетеді.
Әріптестерімізді осы айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-