ЕҢБЕК АДАМЫ
Сыздықова Амина Кенжебекқызы – саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған, шәкірт жүрегіне жол таба білген байғаниндік ұлағатты ұстаздардың бірі. Ол – тек пән мұғалімі ғана емес, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен ізгілік дәнін себуші, нағыз еңбек адамы.
Амина Сыздықова — 1965 жылдың 30 мамырында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында-ақ білімге деген құштарлығымен көзге түсіп, болашақ мамандығын айқындайды. Арман жетегінде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география-биология факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы жоғары білім алып шығады.
Еңбек жолын сол жылы Ақтөбе облысы Байғанин орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі ретінде бастап, үлкен жауапкершілікпен қызмет етеді. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруде жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Осы кезеңде жоғары санатты мұғалім атанып, облыстық Құрмет грамотасымен марапатталады.
2004–2011 жылдар аралығында өзі қызмет еткен білім ордасында әдіскер қызметін атқарып, ұстаздарға бағыт-бағдар береді. Бұл жылдары ол тек мұғалім ғана емес, тәжірибесімен бөлісетін білікті маман ретінде танылды. Оның бастамасымен Байғанин орта мектебі тірек мектепке айналып, бірнеше білім ордасы бірлесе жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде түрлі семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асады.
Ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесінде 2018 жылы «зерттеуші», 2021 жылы «педагог-шебер» біліктілік санаттарын алады.
2024 жылы облыстық тамыз кеңесінде көпжылдық еңбегі жоғары бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталады. Бұл марапат – ұстаздың жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің, білім беру саласына қосқан зор үлесінің айқын дәлелі.
38 жыл бойы бір ғана білім ордасында еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің шуағын сепкен ардақты ұстаз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отыр. Оның өнегелі өмір жолы – жас ұстаздарға үлгі, ал шәкірттері үшін мәңгілік мақтаныш.
--
Ақтөбе облыстық кәсіподағы