ЖЕТІСУДА ЖАС КӨШБАСШЫЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Жетісу облысында жас мамандарға арналған «Кәсіподақ және көшбасшы жастар: жаңа көзқарас» атты байқау ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жас мамандардың кәсіподақ қызметіне деген қызығушылығын арттыру, олардың бастамаларын қолдау және шығармашылық әлеуетін дамыту.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ мен Талдықорған қалалық филиалы жанындағы Жастар кеңесі ұйымдастырған байқауға білім беру саласында қызмет ететін 18-35 жас аралығындағы мамандардан құралған командалар қатысты. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кәсіподақ жұмысын жандандыруға бағытталған тың идеяларын ұсынды.
Байқаудың ашылу салтанатында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз сөйледі. Ол Жастар кеңесінің белсенділігін атап өтіп, филиалдарда өткізіліп жатқан түрлі форматтағы шараларға шолу жасады және қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды:
1. Таныстыру: Командалар өздерін таныстырып, тақырыпқа сай ұрандары мен креативті идеяларын паш етті.
2. Жоба қорғау: Қатысушылар «Кәсіподақ және жастар: жаңа көзқарас» тақырыбында өз жобаларын қорғады. Ұсыныстар заманауи тәсілдермен, презентациялар мен бейнероликтер арқылы көрсетілді.
3. Зеректік кезеңі: Сұрақ-жауап форматында қатысушылар өз білімдері мен тапқырлықтарын дәлелдеді.
Қазылар алқасы шешім қабылдағанша, қатысушылар Оқушылар сарайына экскурсия жасап, балалар шығармашылық орталығындағы үйірмелердің жұмысымен танысты. Тәжірибелі педагогтар мен кәсіподақ басшыларынан құралған әділқазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталды.
Байқау нәтижесі:
І орын – Көксу ауданының командасы;
ІІ орын – Ескелді ауданының командасы;
ІІІ орын – Қаратал ауданының командасы.
Жеңімпаздарға облыстық кәсіподақ ұйымы мен Талдықорған қалалық филиалы атынан дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл байқау жас мамандардың кәсіби дамуына серпін беріп, кәсіподақ қызметіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға жол ашты. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай мазмұнды іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-