ЕҢБЕК АДАМЫ
Бикирова Лаззат Беккожақызы — саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, математиканың күрделі ұғымдарын оқушыларға түсінікті әрі қызықты жеткізе білетін тәжірибелі ұстаз. 1969 жылдың 11 наурызында Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Математика және физика мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын туған өңірінде бастап, 2008 жылдан бері Саға мектеп-балабақшасында математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің нәтижесінде оқушылары математика пәнінен жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Лаззат Бикирова — «педагог-зерттеуші» біліктілік санатындағы маман. Ол 2019 жылы және 2026 жылы сала министрлігінің Алғыс хатымен, 2021 жылы облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен, 2025 жылы Ойыл ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Ұстаз өз біліктілігін үнемі жетілдіріп, кәсіби байқаулар мен олимпиадаларда табысты нәтижелер көрсетіп келеді. 2023 жылы облыстық математика олимпиадасында І дәрежелі диплом иеленді. 2024–2025 жылдары «Педстарт» және облыстық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, «Геометриялық күрделі есептерді шығарудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік құралдың авторы.
Оның шәкірттері де түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетуде. Жансерік Ерланұлы 2025 жылы «Алтын түлек» республикалық олимпиадасында І дәрежелі диплом иеленсе, Ернұр Кәдірғали «Абай» олимпиадасының республикалық кезеңінде І орын алды. Сондай-ақ «Зерде», «IQanat», «Алтын сақа», «Ауыл олимпиадасы» байқауларында жүлделі орындарға ие болған оқушылар бар.
Лаззат Бикирова заманауи білім беру технологияларын тиімді қолданып, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға үлес қосып келеді. Оның көпжылдық еңбегі мен тәжірибесі — жас ұстаздар үшін үлгі.