ЕҢБЕК АДАМЫ
Қоғамның іргетасын берік етіп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерекше. Солардың бірі – саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған ардақты ұстаз Қонақбаева Перизат Алпысбайқызы.
Перизат Қонақбаева 1965 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Ноғайты ауылында дүниеге келген. Көп балалы отбасында тәрбиеленіп, жастайынан еңбекқорлық пен мейірімділікті бойына сіңіріп өсті. Осындай тәрбиенің арқасында ол ерте есейіп, өмірдің мәнін еңбектен таба білді.
1972 жылы мектеп табалдырығын аттаған жас Перизат Қонақбаева 1982 жылы орта білімді аяқтайды. Сол кездің өзінде-ақ жүрегінде ұстаз болсам деген асыл арман ұялаған еді. Арман жетегінде ол 1982–1986 жылдары Гурьев педагогикалық институтында білім алып, болашақ мамандығына нық қадам жасайды.
Еңбек жолын 1986 жылы Сағыз орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған ол содан бері табан аудармай осы қасиетті мамандыққа адал қызмет етіп келеді. Бүгінде 40 жылға жуық уақытын бала тәрбиесіне арнаған ұстаздың еңбегі – зор құрметке лайық.
Перизат Қонақбаева – шәкірт жүрегіне жол таба білген шынайы ұстаз. Оның мейірімді жүрегі әр баланы баурап алса, сабырлы мінезі мен ұстамдылығы талай шәкіртке үлгі болды. Ал, талапшылдығы мен жауапкершілігі көптеген оқушылардың өмір жолын айқындап, болашағына бағыт-бағдар берді.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Осы тұрғыдан алғанда, Перизат Қонақбаева тәрбиелеген талай түлек өмірден өз орнын тауып, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі, маңдай терінің өтеуі.
Қырық жылдық еңбек жай ғана уақыт өлшемі емес. Бұл мыңдаған шәкірттің жүрегінде қалған жылы із, сансыз алғыс пен ақ тілектің жиынтығы.
Ұстаздық – ұлы жол. Ал, сол жолда адалдықпен еңбек етіп келе жатқан Перизат Қонақбаева сынды жандар нағыз еңбек адамдары, ел мақтанышы