ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы білім беру саласында есімі ерекше құрметпен аталатын ұстаздардың бірі – Нуспеков Орал Онласынұлы. Ол саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнап, шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие нәрін сіңіріп келе жатқан тәжірибелі педагог.
Орал Онласынұлы 1962 жылы 21 маусымда дүниеге келген. Еңбек жолында 46 жылдан астам уақыт үздіксіз қызмет етіп, оның 39 жылын білім саласына арнаған. Қазіргі таңда ол Қордай ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында бірінші санатты мұғалім дәрежесіне ие болған.
Ұстаздың басты жетістігі – шәкірттерінің табысы. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Соңғы жылдардағы білім сапасы 92%-ға жетуі – мұғалім еңбегінің айқын дәлелі.
Орал Онласынұлы білім беру үдерісін жетілдіру мақсатында ғылыми-әдістемелік жұмыстарға белсенді қатысып, семинарлар мен конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосуда. Еңбегі еленіп, «Үздік техникалық еңбек инспекторы» атанып, түрлі деңгейдегі құрмет грамоталарымен және салалық кәсіподақтың төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Ұстаздың өміріндегі ең үлкен жетістіктердің бірі – оның отбасы. Жары Нуспекова Күлия екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт бала – екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сегіз немеренің ардақты ата-әжесі атанып отыр. Отбасындағы тәрбиесі мен өмірлік ұстанымдары оның шәкірттеріне де өнеге.
Орал Онласынұлы – өз ісіне адал, еңбекқор, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаз. Оның өмір жолы – білім мен тәрбиенің, адамгершілік пен еңбектің жарқын үлгісі. Осындай ұлағатты ұстаздар барда ел болашағы нұрлы, келешегі кемел болары сөзсіз.
Жамбыл облыстық ұйымы