ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ – БОЛАШАҚҚА АМАНАТ
Жеңіс күніне орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде тағылымы мол кездесу өтті. Бұл кеш сұрапыл соғыс жылдарының тірі куәгерлеріне құрмет көрсету мен өскелең ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртудың айқын көрінісі болды.
Кездесудің басты кейіпкерлері – саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған, соғыс және тыл ардагерлері Әубәкірова Ленста Рахимжанқызы мен Колыхалова Лидия Кузьминична, сондай-ақ қауіпті аймақтарда қызмет етіп, Отан алдындағы антына адал болған офицерлер.
Ардагерлер балалық шағы мен жастық шағын ұрлаған соғыс жылдарының ауыр тауқыметі, тылдағы тынымсыз еңбек және жеңісті жақындатқан қиын сәттер туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың бойындағы қажыр-қайрат пен Отанға деген шексіз сүйіспеншілік жиналған қауымға, әсіресе студент жастарға нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетті.
Университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы ардагер ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, олардың бейбіт күндегі мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Студенттер де бұл кешке үлкен дайындықпен келген. Олар: С.Аманжолов атындағы ШҚУ ардагерлерінің өмірбаяны мен майдандағы ерлік істерін баяндады. Аңызға айналған 30-гвардиялық дивизияның даңқты жолы туралы деректер келтіріп, тарихи жадының маңыздылығын паш етті. Жеңіс буынының рухына тағзым ретінде патриоттық әндер мен жырларын тарту етті.
Бүгінгі таңда жастарды отансүйгіштікке, еңбекке және адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуде мұндай кездесулердің орны ерекше. Ардагерлерге қамқорлық жасау тек мерекелік шара емес, бұл біздің өткен тарихымызға деген құрметіміз бен бейбіт өмірді сыйлаған жандар алдындағы перзенттік парызымыз.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-