БІЛІМ ОРДАСЫНА ҚҰРМЕТ
Ақтөбе облысының Шалқар ауданында №2 мектеп-гимназияның 80 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Тағылымы терең білім ордасының мерейтойлық шарасына ардагер ұстаздар, түлектер, аудан тұрғындары мен қонақтар жиналып, мектептің мерейлі белесін бірге атап өтті.
Мерекелік шараға Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова қатысып, ұжым мен шәкірттерді айтулы күнмен құттықтады. Облыстық кәсіподақ көшбасшысы өз сөзінде мектептің ауданның білім саласындағы орны ерекше екенін атап өтіп, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға алғысын білдірді.
Салтанатты жиында сала дамуына үлес қосып жүрген бірқатар үздік қызметкерлер кәсіподақ ұйымының марапаттарына ие болды. Мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Светлана Майкупова «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты басқосу аясында мектеп ұжымына емдеу-сауықтыру шаралары мен тарихи-танымдық саяхатқа арналған облыстық кәсіподақ ұйымының 2 миллион теңгелік сертификаты табыс етілді.
Сонымен қатар мектеп директоры Айгүл Шалабаеваға білім саласындағы жемісті еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі табысталды. Салтанатты шара барысында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен марапаттары тапсырылды.
Білім ордасының 80 жылығы ұстаздар мен түлектердің басын қосқан тағылымды кешке айналып, мектеп тарихындағы жарқын белестер мен жетістіктер кеңінен насихатталды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-