БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТАЛАПТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жетісу облысы, Панфилов ауданында білім беру мекемелеріндегі шаруашылық меңгерушілеріне арналған семинар өтті. Шараны аудандық филиал маманы А.Бекқалиев ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде білім беру ұйымдарындағы техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау – қызметкерлер мен білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Семинар барысында аудандық техникалық инспектор Х.Бөгенбаев баяндама жасап, мекемелердегі қауіпсіздік нормаларын сақтау, инженерлік жүйелердің жарамдылығын бақылау, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ғимараттар мен инженерлік жүйелерді пайдалану кезіндегі негізгі қауіптер, электр жүйелерінің техникалық жағдайы, төтенше жағдайлардың алдын алу, эвакуациялық жолдардың талапқа сай болуы және қауіпсіздік журналдарын жүргізу тәртібін түсіндірді.
Семинар аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, күнделікті қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға аудандық техникалық инспектор Х.Бөгенбаев нақты жауаптар беріп, әдістемелік ұсынымдар ұсынды.
Іс-шараның басты мақсаты – білім беру ұйымдарында техникалық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жауапты қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және білім алушылар мен қызметкерлер үшін қауіпсіз орта қамтамасыз ету.
Семинар соңында қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.
Жетісу облысы, Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы
-
Фотографии
-