ЫРҒЫЗДЫҚ ҰСТАЗ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
12–16 мамыр күндері Ақтау қаласында гір спортынан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі додада еліміздің намысын қорғаған ардагер спортшылар арасында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Жаныс би ауылындағы Темірастау жалпы білім беретін орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхтар Атлас Әбдіхайдарұлы үлкен жетістікке қол жеткізді.
85 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған тәжірибелі спортшы қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл - ұстаздың спорттағы табанды еңбегі мен қажырлы дайындығының жемісі.
Атлас Мұхтардың жеңісі тек білім ордасының ғана емес, бүкіл ауданның мерейін үстем етті. Ұстаздық қызметпен қатар спортты серік етіп, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген чемпион жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға.
Кәсіподақ мүшесінің халықаралық деңгейдегі бұл жеңісі — ел спортының дамуына қосылған зор үлес. Чемпионды айтулы жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!