ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін қасиетті мамандық иесі. Осындай шәкірт жүрегінен орын алған білікті педагогтардың бірі – Қыдырова Айнагүл Болатқызы.
Қыдырова Айнагүл Болатқызы 1974 жылы 19 қаңтарда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір станциясында дүниеге келген. 1991 жылы орта мектепті тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түседі. 1995 жылы «Математика-информатика пәндерінің мұғалімі» мамандығын алып, еңбек жолын Бершүгір қазақ-орыс мектебінде бастады.
2009 жылдан бастап Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қызмет атқарып келеді. Ұзақ жылдық тәжірибесінің нәтижесінде педагог-зерттеуші санатына ие болған ұстаз – жаңашылдыққа бейім, кәсіби біліктілігі жоғары маман.
Айнагүл Қыдырова шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндеті санайды. Оның оқушылары республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін асырып жүр.
Ұстаздың еңбегі түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары бағаланып келеді. 2024 жылы өткен «Педстарт» І республикалық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар облыстық математикалық олимпиадада үздік нәтиже көрсетіп, І дәрежелі диплом иеленді. «Заманауи педагогикалық технологиялардың дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен «Жаңа ғасыр таланттары» орталығы ұйымдастырған байқауларда да шәкірттері жоғары нәтижелер көрсетті.
Айнагүл Қыдырова қарапайымдылық пен парасаттылықты бойына сіңірген, өз ісіне адал ұстаз. Әріптестері арасында құрметке ие болып, шәкірттерінің жүрегінен ерекше орын алған білікті маман.