ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұрпақ болашағын тәрбиелейтін, жүрекке білім нұрын себетін ұлы тұлға. Осындай ұлағатты жандардың бірі – Шалқарбай Гүлбағда Мартбайқызы. Ол 1965 жылы 29 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Сағыз орта мектебінде білім алып, зеректігімен, еңбекқорлығымен көзге түсті. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 1982-1984 жылдары “Жас ұлан”, “Алтын-арай” комсомол жастар бригадаларында еңбек етті.
1984 жылы Гурьев педагогика институты жанындағы дайындық курсына түсіп, 1985 жылы аталған оқу орнының физика-математика факультетіне қабылданды. 1990 жылы институтты тәмамдап, еңбек жолын туған жері Сағыз орта мектебінде мұғалім болып бастады. Кейін 1992-1997 жылдары
Ноғайты ауылы №1 фермадағы Қ.Төлепов атындағы орталау мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1998-2002 жылдары Қарабұлақ орта мектебінде еңбек етіп, 2003 жылдан бері Сағыз орта мектебінде ұстаздық қызметін абыроймен жалғастырып келеді.
Гүлбағда Шалқарбай шәкірт жүрегіне білім шуағын сыйлап, әр баланың бойындағы қабілетті аша білген ұлағатты ұстаз. Ол үшін ұстаздық жай мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен мейірімге толы өмір жолы. Әр сабағында оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың бойына сенім ұялатып, болашаққа жігер береді. Сондықтан шәкірттері оны тек мұғалім ретінде ғана емес, ақылшы әрі қамқор жан ретінде ерекше құрметтейді.
Ұзақ жылғы еңбек жолында ол білім саласының дамуына елеулі үлес қосып, көптеген жетістіктерге жетті. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің арқасында шәкірттері аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етті. Сонымен қатар ол оқушыларының бойына адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді
асыл қасиеттерді сіңіріп келеді.
Әр шәкіртін өз баласындай көретін Гүлбағда Шалқарбай олардың болашағына бей-жай қарамай, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Ұстаздың тәлімі мен жылы лебізі шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталып, өмір жолында шамшырақ болып қала бермек…