ЖАСТАР – КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының ұйымдастыруымен №6 мектеп-гимназиясында «Кәсіподақтың жастар қанаты: рөлі, мүмкіндіктері және даму бағыттары» тақырыбында көшпелі облыстық семинар өтті. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кәсіподақ қызметін насихаттау, жас мамандардың белсенділігін арттыру, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту және кәсіподақ жұмысындағы заманауи бағыттарды кеңінен талқылау болды.
Семинарға облыстың әр өңірінен жергілікті кәсіподақ филиалдарының жетекшілері мен мамандары, жас кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері қатысты. Іс-шара барысында кәсіподақтың жастар саясаты, жас мамандарды қолдау, кәсіби даму, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және кәсіподақ ұйымының қоғамдағы рөлі туралы маңызды мәселелер қозғалды.
Семинардың ашылуында жастардың қоғамдағы орны мен белсенділігінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Айнұр Баймұратова мен жастар қанатының белсенді мүшелері ұйытқы болды. Іс-шара аясында кәсіподақтың жастар қанатының жетекшісі Дулат Құдыс «Жастар қанаты және soft skills дамыту: кәсіби өсуге қолдау» тақырыбында баяндама жасап, жас мамандардың кәсіби қалыптасуындағы кәсіподақтың рөліне тоқталды.
Сонымен қатар жастар қанатының мүшелері Ерік Қонысбеков, Тимур Жанділда және Құлан мектеп-гимназиясының директоры Гүлнұр Адилова өз тәжірибелерімен бөлісіп, «Жастардың шығармашылық әлеуетін арттырудағы кәсіподақтың трансформациясы», «Сауықтыру шараларындағы жастар белсенділігі: мотивация және engagement құралдары», «Жас маманнан – мектеп директорына дейін: кәсіби өсудегі кәсіподақтың рөлі» тақырыптарында мазмұнды презентациялар ұсынды.
Семинар барысында топтық жұмыстар мен тәжірибелік алаңдар ұйымдастырылып, қатысушылар ұжымдық шарттың маңызы, кәсіподақ жұмысындағы жасанды интеллект мүмкіндіктері, цифрлық дәуірдегі жастар бастамалары жөнінде пікір алмасты. Әсіресе «ЖИ әлеміне саяхат: білімнің жаңа дәуірі» атты коучинг-квест жас мамандардың ерекше қызығушылығын туғызды. Іс-шара аясында психологиялық тренингтер өткізіліп, TED форматындағы идеялар алаңында жастар өз ойлары мен жаңа жобаларын ортаға салды. Бұл жас кәсіподақ мүшелерінің шығармашылық әлеуетін арттыруға және еркін пікір алмасуына мүмкіндік берді. Семинар соңында қатысушылар кері байланыс жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Белсенді жастар марапатталып, облыстық Жастар кеңесінің отырысы ұйымдастырылды.
Семинар қорытындысында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жастардың кәсіподақ жұмысындағы белсенділігіне жоғары баға беріп, мұндай кездесулердің жас мамандардың кәсіби және көшбасшылық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар ол жастардың тың идеялары мен бастамалары кәсіподақ қызметінің жаңа бағытта дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-