ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, білім шырағын сөндірмей ұстап тұратын қастерлі мамандық иесі. Адал еңбек пен маңдай тер арқылы ғана адам құрметке ие болады. Осындай ұлағатты жолды өміріне серік еткен жандардың бірі – Қисықбасов Берік Азанұлы.
Берік Қисықбасов 1963 жылдың 1 наурызында Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1970–1980 жылдары Сағыз орта мектебінде білім алып, еңбек жолын 1980 жылы комсомол жастар бригадасында бастады.
1981–1985 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтында білім алып, физика пәні мұғалімі мамандығын меңгерді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін аудандық білім бөлімінде қызмет атқарып, 1985–1987 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді.
Әскери қызметтен кейін 1987 жылы аудан орталығындағы Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектепке физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Содан бері осы білім ордасында үздіксіз еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдық қызметінде шәкірт тәрбиелеумен қатар мектептің дамуына да елеулі үлес қосты.
1993–2004 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Кейін ұстаздық жолын жалғастырып, 2013 жылдан бастап қайтадан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
Көп жылғы жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Берік Қисықбасов аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2024 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленуі – ұстаз еңбегіне берілген үлкен баға.
Бүгінде ол өнегелі әке, ардақты ата. Жолдасымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсіріп, 11 немеренің қызығын көріп отыр.
Қисықбасов Берік Азанұлы саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған, шәкірт жүрегінен орын алған білікті ұстаз. Оның адал еңбегі мен тағылымды жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді.
-
Фотографии
-