ҰСТАЗ – ҰЛТ ТІРЕГІ
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Әкім Тарази атындағы тірек мектебінде еңбек етіп жүрген Айдаралиева Айнаш Байсейітқызы бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ол 1971 жылы 12 желтоқсанда Байзақ ауданында дүниеге келген.
Айнаш Байсейітқызы 1996 жылы Жамбыл педагогикалық институтының бастауыш оқыту әдістемесі факультетін бітіріп, ұстаздық еңбек жолын бастады. Содан бері бір мектепте табан аудармай еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде қаншама баланың қолына алғаш әліппе ұстатып, әріп танытып, білім әлеміне жетеледі.
Бастауыш сынып мұғалімі болу үлкен төзімділік пен мейірімді қажет ететіні белгілі. Өйткені кішкентай баланың мектепке деген алғашқы көзқарасы көбіне алғашқы ұстазына байланысты қалыптасады. Осы жауапкершілікті терең түсінетін Айнаш Байсейітқызы әр шәкіртін өз баласындай көріп, оларға тек білім ғана емес, тәрбие мен адамгершілікті де қатар үйретіп келеді.
Мектеп ұжымында да Айнаш Байсейітқызы іскерлігімен, сабырлылығымен, әріптестеріне қолдау көрсете білетін адамгершілігімен құрметке ие. Өзінің бай тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, ұстаздық жолдың қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Отбасында да аяулы ана, ардақты әже атанып отырған Айнаш Байсейітқызы 1 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде екі немеренің сүйікті әжесі ретінде ұрпағының қуанышына бөленіп отыр.
Жамбыл облыстық ұйымы.