ЖАМБЫЛДА ЖҰМЫС КЕҢЕСІ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағында көшпелі жұмыс кеңесі өтіп, онда педагогтар мен сала қызметкерлерінің еңбек демалысын рәсімдеу, сауықтыру жәрдемақысын төлеу, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру және жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Жиынды жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, жүргізіп отырды.
Кәсіподақ төрағасы алдағы кезеңде педагогтар мен өзге де сала қызметкерлерінің еңбек демалысына шығуына байланысты құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Осы бағытта филиалдарда вебинарлар, кездесулер мен тікелей эфирлер ұйымдастыру маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің жазғы сауықтыру шараларын сапалы ұйымдастыру міндеті де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Бұл кезеңде педагогтардың жаппай еңбек демалысына шығуға байланысты жалақыға және сауықтыру ақысына байланысты арыз-шағымдар көбейетіндігі белгілі. Осы кезеңге заңгерлер дайын болуы керек, педагогтарға барынша құқықтық кеңес берілуі тиіс. Сондай-ақ, осы мәселе бойынша барлық филиалдармен вебинарлар, кездесулер, тікелей эфирлер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары қарқын алуы тиіс. Екінші бір жауапты кезең, ол - кәсіподақ мүшелерінің сауықтыру шараларын сапалы ұйымдастыру, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС директоры Ақжүніс Құрмашева кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін сауықтыру жұмыстарының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, биыл шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру жұмыстары жүйелі жалғасуда.
Жазғы маусымда Алакөл мен Ыстықкөл бағыттарына қызығушылық жоғары болып, мыңнан аса өтініш қабылданған.
Кеңес қорытындысында вебинарлар өткізу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыру және сауықтыру шараларын ұйымдастыру бойынша ортақ шешімдер қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-