КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ СЕМИНАР КЕРБҰЛАҚТА
Қазіргі таңда еңбек қатынастары саласындағы дауларды бейбіт жолмен шешу және ұжымдардағы өзара түсіністікті нығайту мәселесі барынша өзекті болып отыр. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы келісу комиссиясы мүшелеріне арналған оқыту семинарларын тұрақты негізде өткізіп келеді.
Бұл бастама кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек дауларын заң аясында шешудің тиімді жолдарын меңгеруге бағытталған. Аталған шара биылғы жылы Кербұлақ ауданында бастау алып, білім беру мекемелеріндегі келісу комиссиясының мүшелерін қамтыды. Семинарды Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Жақан Дуанаев жүргізіп, кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылған шараның мақсатын айқындап берді. Ол семинардың ұжымдардағы еңбек мәдениетін жетілдіруге, қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы диалогты нығайтуға тікелей ықпал ететіндігін атап өтті.
Семинар барысында облыстық ұйым төрағасы Мэлс Төлепбергенов келісу комиссияларының рөлін күшейтудің маңызын атап өтіп, кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол келісу комиссиясының заңнамада бекітілген өкілеттіктері аясында жұмыс берушімен бірлесіп шешім қабылдай алатын ең тиімді тетік екенін айтты.
Облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан семинарда ең күрделі де маңызды тақырыптарды қамтыды. Ол еңбек дауларының түрлері мен олардың туындау себептерін егжей-тегжейлі талдай отырып, дауларды шешудің тәртібі мен кезеңдерін нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіподақ заңнамасының өзекті талаптары, келіссөз жүргізудің тиімді әдістері және комиссия мүшелерінің міндеттері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Семинардың бөлімі — сұрақ-жауап сессиясы болды. Кәсіподақ мүшелері тарапынан туындаған бірқатар сұрақтарға жауап беріліп, кәсіподақ өкілдеріне жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар нақты жағдайларды талқылай отырып, заңнамалық нормаларды дұрыс қолданудың жолдарын бірге іздестірді.
Бұл семинар аудандық деңгейдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға, еңбек дауларын әділ әрі заңға сай шешуге бағытталған маңызды қадам болды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-