БІЛІМ МЕН ЗАҢ ҮНДЕСТІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жастар сарайының «Мәңгілік ел» конференция залында «Қазақстандағы білім беру саясатының конституциялық негіздері: нормалардан тәжірибеге дейін» тақырыбында пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды. Іс-шара онлайн және офлайн форматта өтіп, оған білім беру ұйымдарының басшылары мен сала мамандары, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.
Маңызды жиынға қатысушылар Конституцияның білім беру жүйесіндегі рөлі, қоғамдағы саяси өзгерістер мен білім саласындағы жаңашылдықтардың байланысы, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және сапалы білім берудің маңызы жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай білім жүйесін дамыту бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының заңгері Нұрлан Жетпісбай педагогтардың кәсіби қызметіне қатысты енгізіліп жатқан нормативтік-құқықтық өзгерістер жөнінде кеңінен баяндады. Ол білім саласындағы реформалардың негізгі мақсаты педагог мәртебесін арттыру, мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, есептілікті қысқарту және цифрландыру жүйесін дамыту екенін атап өтті. Сонымен қатар аттестаттау жүйесіндегі жаңашылдықтар, «Ұстаз» электрондық платформасының енгізілуі, марапаттау жүйесінің цифрландырылуы және жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы бастамалар педагогтердің жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Айта кету керек, аталған пікір алмасу алаңы Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің ұйымдастыруымен, әдеп жөніндегі кеңестің мүшелерінің қатысуымен өтті.
Кездесу барысында қатысушылар білім беру саласындағы конституциялық реформалардың маңызын талқылап, педагог мәртебесін көтеру, сапалы білім беру және заманауи талаптарға сай білім жүйесін қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
-
Фотографии
-