ЕҢБЕК АДАМЫ – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ
Қоғамда көзге бірден түсе бермейтін, бірақ маңызы орасан зор жандар бар. Солардың бірі Жамбыл облысы Қордай ауданы №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің аула тазалаушысы Керимкулова Светлана Сергеевна. Ол қарапайым еңбектің қадірін арттырып жүрген, ісіне адал, жауапкершілігі жоғары жан.
Еңбек жолын небәрі 16 жаста бастаған Светлана Сергеевна бүгінде төрт баланы тәрбиелеп өсірген аяулы ана, еңбек ұжымында мектеп ауласының тазалығы мен көркеюіне аянбай үлес қосып келе жатқан тәжірибелі қызметкер. Ұлты өзге болса да жүрегі қазақ деп соғатын ол қазақ тілін еркін меңгеріп, ұжыммен етене араласып, бір үйдің баласындай еңбек етуде.
Еңбек адамының әр күні тынымсыз тіршілікке толы. Таңғы салқынмен таласа жұмысқа кірісетін ол қыстың қақаған аязында қар күреп, күздің жаңбырлы күндерінде сарғайған жапырақты жинап, мектеп ауласын тап-таза күйде ұстайды. Әсіресе маңызды күндері – 1 қыркүйек пен соңғы қоңырау сияқты іс-шараларда таңғы сағат 6-дан бастап жұмыс орнында болып, оқушыларға таза әрі қауіпсіз жол ашып береді. Бұл оның кәсібіне деген шынайы жауапкершілігінің дәлелі.
2023 жылдың қысында өңірімізде қалың қар жауып, көптеген жолдар жабылғаны баршаға мәлім. Сол күндері Светлана Сергеевна әдеттегідей қолына күрегін алып, тізеден келетін қалың қарға қарамастан жалғыз өзі мектептің негізгі жолдарын тазалап, оқушыларға қауіпсіз жол ашып береді. Ешкім тапсырма бермеді, ешкім міндеттемеді. Ол мұны тек өз жүрек қалауымен, балалардың амандығы үшін жасады.
Светлана Сергеевнаның қолымен егілген гүлдер мектеп ауласын көркейтіп, жанға жылу сыйлап тұр. Әрбір гүл оның маңдай тері мен ықыласының жемісі. Бұл жай ғана жұмыс емес, бұл жүрекпен атқарылатын еңбек. Осындай тынымсыз еңбекті бағалаған мектептің кәсіподақ ұйымы оған қоқыс тасуға арналған арнайы арба сыйлап, жұмысын жеңілдетуге қолдау көрсетті. Бұл еңбекті құрметтеудің жарқын көрінісі.
Осындай жандар қоғамның үнсіз батырлары. Олар атақ үшін емес, адалдық үшін еңбек етеді. Күн сайын маңдай терін төгіп, елдің игілігіне үлес қосады.
Жамбыл облыстық ұйымы.