ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА СЕМИНАРЛАР ЖАЛҒАСУДА
Панфилов ауданында еңбек даулары мәселелеріне арналған семинар өз жұмысын аяқтады. Хамраев атындағы орта мектеп базасында өткен шараға 100-ден астам қатысушы жиналды.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған семинарды Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков ашты. Ол шараның маңыздылығына тоқталып, ұжымдарда туындайтын еңбек дауларын заң шеңберінде, тиімді және бейбіт жолмен шешудің қаншалықты өзекті екенін баса айтты.
Семинар барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Телепбергенов сөз сөйлеп, келісу комиссияларының еңбек дауларының алдын алудағы орны мен қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, заңнамада бекітілген өкілеттіктерді дұрыс пайдаланған комиссия жұмыс берушімен ымыраға келудің ең тиімді механизмі бола алады. Төраға сондай-ақ қатысушыларға облыстық деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстарды таныстырды.
Семинардың мазмұнды бөлігін облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан өткізді. Маман еңбек заңнамасының күрделі тұстарын қарапайым тілмен түсіндіріп, нақты өмірлік жағдайлар мен практикалық мысалдар арқылы дауларды шешудің кезеңдерін, тәртібін баяндады. Келіссөз жүргізу дағдылары, кәсіподақ заңнамасының талаптары және комиссия мүшелерінің нақты міндеттері - осының бәрі егжей-тегжейлі сараланды.
Семинарды қорытындылау барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды ашық қойып, мамандардан жауап алды. Нақты жағдайларды бірлесіп талдай отырып, заңнамалық нормаларды күнделікті жұмысқа қалай дұрыс қолдануға болатынын іздестірді.
Ұйымдастырылған бұл семинар жергілікті деңгейдегі кәсіподақ жұмысын жаңа белеске көтерудің, еңбек ұжымдарындағы мәдениетті арттырудың нақты көрінісі болды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-