ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп ұжымында саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан ардақты ұстаздың бірі - Абатова Гүлмира Бейсембекқызы.
Гүлмира Бейсембекқызы 1967 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауылында дүниеге келген. Бала күннен білімге құштар болып өскен Гүлмира Бейсембекқызы 1984 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының география-биология факультетіне оқуға түсіп, 1989 жылы жоғары білім алып шығады. Сол жылдан бастап ұстаздық жолын бастап, туған елінің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
37 жылдық еңбек жолында ол өзін білікті педагог, тәжірибелі маман әрі ұлағатты ұстаз ретінде таныта білді. Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектеп қабырғасында табан аудармай еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің шуағын сыйлады. Ұстаздық қызметімен қатар 17 жыл бойы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, білім сапасының артуына, мектептің дамуына зор үлес қосты. Сонымен бірге 3 жыл мектеп директоры қызметін атқарып, ұжымның сенімін ақтай білді.
Гүлмира Бейсембекқызының шәкірттері аудандық және облыстық білім бәйгелерінде, пәндік олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеп келеді. Бұл ұстаздың қажырлы еңбегі мен сапалы білім берудегі кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.
Қазіргі таңда география пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп келе жатқан Гүлмира Бейсембекқызының еңбек жолы кейінгі буынға үлгі боларлық өнегелі жол екені анық.
Жамбыл облыстық ұйымы.