ҰСТАЗ ЕҢБЕГІМЕН ШЫҢДАЛҒАН ЖЕТІСТІК
Ақтөбе облысы, Темір ауданының білім саласында дарынды оқушылардың жарқырай танылып, ғылыми жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларда биік белестерді бағындыруы — ұстаз еңбегінің жемісі. Соның айқын дәлелі — Шұбарқұдық ауылы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Бақдәулет Бердімұраттың «AgroBaq» агрожобасымен жеңіске жетіп, 500 000 теңге грант иегері атануы.
Бұл жетістік тек шәкірттің талпынысы ғана емес, оның бойындағы қабілетті танып, дұрыс бағыт-бағдар берген ұстаздарының кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Бақдәулеттің ғылыми ізденіске, агротехнология мен кәсіпкерлікке қызығушылығын арттырып, жобаның мазмұнды әрі өміршең болуына жетекшілік еткен тәжірибелі педагогтар — география пәнінің мұғалімі Айсауле Бақтығали мен биология пәнінің мұғалімі Гүлбақыт Өтебаева.
Айсауле Бақтығали — жас болса да, білім мен ғылымды ұштастыра білген ізденімпаз ұстаз. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «География» мамандығын тәмамдаған педагог қысқа уақыт ішінде шәкірттерінің ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту бағытында үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Оның жетекшілігімен оқушылар облыстық және республикалық ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болып, өз идеяларын сәтті қорғауда. Әсіресе, «100 кәсіп» жобасы аясында ұсынылған «AgroBaq» бизнес-жобасының жоғары деңгейде таныстырылуы — ұстаздың жаңашыл көзқарасы мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ол оқушыларды тек білім алуға ғана емес, заманауи кәсіпкерлікке, нақты тәжірибе арқылы еңбек етуге баулып келеді.
Ал, биология пәнінің мұғалімі Гүлбақыт Өтебаева — саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған тәжірибелі ұстаз. 35 жылдық педагогикалық еңбек жолында ол талай шәкірттің ғылым мен білімге деген қызығушылығын оятып, биік белестерге жетелеуде. Ұстаз жетекшілік еткен оқушылар облыстық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Гүлбақыт Өтебаеваның жетекшілігімен жүзеге асқан «Мектеп жылыжайы — болашақ агроинновация зертханасы ретінде» атты STEAM жобасы оқушылардың агротехнология саласына қызығушылығын арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Бұл жоба да ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырудың жарқын үлгісіне айналды.
Бүгінде Бақдәулет Бердімұраттың жетістігі — Темір ауданы ұстаздарының сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осындай жаңашыл ұстаздардың арқасында ауыл мектебіндегі оқушылар ғылым мен кәсіпкерлікті қатар меңгеріп, болашаққа нық қадам жасауда.
Ұстаз — тек білім беруші маман емес, ол — шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, арманын ақиқатқа айналдыруға жол ашатын шамшырақ. Темірлік ұстаздардың еңбегі — соның айқын дәлелі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-