ҮЗДІКТЕР ҰЛЫҚТАЛҒАН КЕШ
2025–2026 оқу жылы жетістік пен жеңістерге толы, ұстаздар мен шәкірттердің маңдай тері ақталған ерекше жыл болды. Білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек еткен педагогтардың кәсіби шеберлігі, оқушылардың талпынысы мен ата-аналардың қолдауы нәтижесінде Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейі биыл да биік белестерді бағындырды. Үздік ұстаздар мен дарынды шәкірттердің мерейі үстем болып, білім ордасы республика көлеміндегі «Үздік 50 мектеп» қатарына енуі — ұжымның ауызбіршілігі мен жүйелі еңбегінің айқын дәлелі. Бұл - мектеп тарихындағы үлкен жетістік әрі келешек ұрпаққа үлгі боларлық мақтаныш.
20 мамыр күні М.Қашғари атындағы мектеп-лицейінде «Қашғари мақтаныштары – 2026» атты ауқымды салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қ.Елеусізов, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Б.Хабибов, Кентау қалалық білім бөлімінің бас маманы М.Әбішева, Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла және Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева қатысып, білім ордасының жетістіктеріне жоғары бағаларын берді. Қонақтар мектеп ұжымының еңбегіне ризашылықтарын білдіріп, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығына ерекше тоқталды.
Салтанатты шараның басты кейіпкерлері биылғы оқу жылында қала, облыс, республика деңгейіндегі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорттық жарыстарда, шығармашылық және робототехника байқауларында үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар болды. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеуде аянбай тер төккен ұстаздар мен балаларына әрдайым қолдау білдіріп жүрген ата-аналар да арнайы марапаттарға ие болып, зор құрметке бөленді. Бұл кеш тек марапаттау рәсімі ғана емес, білім мен еңбектің, ынтымақ пен табандылықтың шынайы салтанатына айналды.
Іс-шара барысында мектеп фойесінде ұйымдастырылған көрме көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызды. Оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын, шығармашылық жұмыстарын, инновациялық идеялары мен робототехника саласындағы жетістіктерін жоғары деңгейде таныстырып, келген қонақтарды тәнті етті. Әрбір жоба шәкірттердің ізденімпаздығы мен жаңашылдығын көрсетсе, оның артында ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен сапалы еңбегі айқын сезілді. Жас дарындар алдағы оқу жылында да жаңа белестерді бағындырып, бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге дайын екендіктерін дәлелдеді.
Кеш барысында мектеп басшысы А.Асаевтың білім мен тәрбие саласындағы нәтижелі еңбегі ерекше аталып өтті. Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Ж.Шайдулла мен Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева мектеп ұжымын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап, мектеп мұражайына арнайы сыйлықтар мен құттықтау хаттарын табыстады.
Осындай тағылымы мол, рухы биік шаралар жас ұрпаққа мотивация беріп қана қоймай, білімнің құндылығын дәріптейтін маңызды бастамаға айналары сөзсіз. Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейінің алар асуы әлі алда, жетістіктері жалғаса бермек!
Түркістан облыстық ұйымы