ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Жас болса да, білім саласында өз қолтаңбасын қалыптастырып жүрген ұстаздардың бірі – Иманова Мархабат Нұрлыбайқызы. Ізденісі мен еңбегінің арқасында ол шәкірт тәрбиесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Иманова Мархабат Нұрлыбайқызы 1991 жылдың 13 маусымында Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары, педагогика ғылымдарының магистрі.
1997–2008 жылдар аралығында Қаракемер негізгі мектебінде және Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде білім алды. 2008 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика және жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, 2012 жылы биология мамандығын тәмамдады. Еңбек жолын Қаракемер мектеп-балабақшасында бастады.
2013 жылдан бастап Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз.
Мархабат Иманованың жетекшілігімен оқушылар облыстық және республикалық ғылыми жобалар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Сонымен қатар ол мектептегі «Иммундық патруль» пилоттық жобасының жетекшісі ретінде оқушылардың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.
Ұстаздың «Үздік авторлық бағдарламасы» облыстық деңгейде жоғары бағаланып, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруға үлес қосты.
Мархабат Иманова аудандық және облыстық сараптама кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар облыстық INTELLECT HUB ассоциациясының мүшесі, аудандық жетекшісі және «Ұлағат» шығармашылық тобының мүшесі.
Мархабат Иманова отбасында аяулы жар, төрт баланың анасы. Ұстаздық жолдағы табандылығы мен еңбексүйгіштігі арқылы ол жас мамандарға үлгі болып, білім саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.