ШӘКІРТ ЖҮРЕГІН ЖАУЛАҒАН ҰСТАЗ
Жамбыл облысы Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектеп ұжымында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың бірі — Исаева Мадина Есмырзақызы. Мадина Есмырзақызы 1965 жылдың 29 қаңтарында Жамбыл облысы, сол кездегі Свердлов ауданы, Ленин ауылында дүниеге келген. 1982 жылы №25 Ағаділ Суханбаев атындағы орта мектепті аяқтап, сол жылы Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығын меңгеріп шықты.
Еңбек жолын 1987 жылы бастап, бүгінгі күнге дейін Қалқабай Сартбаев атындағы орта мектебінде үздіксіз 39 жыл орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол өзін білікті маман, ізденімпаз ұстаз, шәкірт жүрегіне жол таба білетін тәлімгер ретінде танытты. Әріптестері Мадина Есмурзаевнаны сабырлы мінезімен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қасиетімен ерекше құрметтейді. Ол қай кезде де оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың бойына адамгершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге ерекше мән беріп келеді.
Мұғалім үшін ең үлкен қуаныш шәкіртінің жетістігі болар. Сондықтан да ұлағатты ұстаз әр баланың болашағына сеніммен қарап, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беруді өзінің басты міндеті деп біледі. «Жақсы мұғалім үміт сыйлайды, шабыттандырады, оқушыны ойлануға үйретеді» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған ұстаздың еңбек жолы кейінгі жас мамандарға үлгі.
Ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесі мен шәкірт тәрбиесіндегі табандылығы оны ұжым арасында сыйлы, оқушылар арасында қадірлі ұстаз дәрежесіне жеткізді. Осындай ұстаздардың еңбегі ел болашағына қосылған үлкен үлес.
Жамбыл облыстық ұйымы.